«Адамгершіліктен басқаның бәрі баянсыз».
Д.А.Қонаев
Менің атым Дінмұхамед.
Менің атым Дінмұхамед. Дінмұхамед Ержанұлы Алқамбаев. Мен сегіз жастамын.
Қарасай ауданы, Ақжар ауылы, С.Көпбаев атындағы қазақ орта мектебінің 2 «б» сыныбында оқимын. Бірінші сыныпты грамотаға бітіріп, екінші сыныпта да ылғи 5-ке оқып жүрмін. Атымды Дінмұхамед қойған соң, тәртіпсіз болғым келмейді. Атадан ұят. Дөрекі сөздер айтпаймын. Үлкендерді, ұстаздарды сыйлаймын. Димаш атамды жақсы көремін. Осы жақсы оқып, тәртіпті болғанымды атам мен апам: «Атаның 100 жылдығына жасаған сыйлығың»- дейді.
- Иә, балам, бұл сенің қазіргі қолыңнан келген, өз шамаңа қарай жақсы істерің. Өскенде, Атаңның атына кір келтірмеуің осыдан басталады. Және сен туғалы бері бүкіл жанұя болып, сен өскенде, Димаш атаның қасиетті есімін мақтаныш тұтып, аруағын (өзін) піріңдей құрметтеу керектігін - осы жасыңнан санаңа құюдамыз.
2004 жылдың 12 қаңтарында Құдай қолдап, бізді қуанышқа ие қылды. Сол күні сен өмірге келдің.
Дәл сол күні қазақтың салты бойынша, туыстарды «Соғым басына» шақырған едік. «Айжан ұл туды» - деп, қыздар сүйінші сұрап келгенде, Нуритдин (Күләшбеков) інім атып тұрып: «Алла бір сыйлық жасаған екен, аға - әкпе, бүгін Дінмұхамед атаның туған күні ғой, нәрестенің аты Димаш болсын» - деп, толқи айтқан сөзіне отырған үлендер де қуанып, бата беріп, баланы Атаның атымен атауды ұйғарды. Қырқынан шыққаннан кейін, Кенсайдағы Атаның басына апарып, қабіріне гүл қойып, ақ жауып, шырақшының батасын алдық. Содан мешітке келіп, Димаш атаға құран бағыштап, баланың атын қойдық. Дінмұхамед деген атты атап, жанұямызбен бір толқып алдық.
Содан бері әр 12- ші қаңтарда жиналып, әуелі Димаш атаға құран бағыштап, содан кейін ғана баланың туған күнін тойлау ғадетке айналды. Біз бұл күнді тебірене күтеміз, ерекше дайындаламыз.
Димаш 5 жасқа толғанда, Қонаев атаның мұражайына апарып, Дінмұхамед атты балалардың тізіміне қостық. Мұражай директоры Б.З.Батталханов Атаның медалін берді. Ол медаль - біздің ең қасиетті дүниеміз.
Содан бері жыл сайын 22 тамызда мұражайға барып, сол жерге жиналған үлкен аталармен суретке түсіп, Атаның ескерткішіне гүл қоямыз. Әлденеше рет І.Балтағұлов атаны мұражайда жолықтырып, Димаш ата туралы көптеген тамаша әңгімелер тыңдадық.
Бала Димаш әңгімеге мән беріп, тыңдап түсінетін жағдайға жеткелі, Атаның өмірбаянымен таныстырып отырамыз. Димаш ата бүкіл Қазақстанды басқарып отыра, қарапайым, кішіпейілді, адамгершілігі мол, сабырлы, дүниеге қызықпай, байлықты армандамай, тек елдің қамын ойлап, халықтың жағдайын жақсарту үшін, сабырмен бәрін ойлап істегендерін түсіндіреміз. «Қонаев - ұлттың Ары мен Намысы! Қонаев - ұлттың Рухы мен Иманы! Қонаев -қазақтың Қанағат мектебі, Адалдықтың өлшемі»- деп, ақын Темірше Сыбайұлының айтқандарын талдап береміз.
Балам, Тәуелсіздікке дейін Қазақстанның астанасы - Алматы болатын. Ол кезде өз еркіміз өзімізде емес, Орталықтың - Мәскеудің қолында болатын. Өз байлығымыздың тек тамшысына ғана ие едік. Сонда да, Димаш ата ақылы мен тапқырлығымен Алматыны көркейте білді. Әсем де зәулім ғимараттар салынды. Атаның жалғыз арманы - қалада метро салынбағаны екен. Ол арманы 100 жылдығы қарсаңында орындалды. Артындағы інілері ол арманын орындады. Атаның өзі көрмесе де, аруағы сезіп жатқан шығар.
Кейбіреулер: «Қонаевтың кезінде тіліміз, дініміз жоғалды» - дейді. Бір қадым ізін аңдып, бір ауыз айтылған сөзін тыңдатып отырған. Орталыққа қалай қарсы шығар еді? Және жанында өз қазағынан да тыңдаушы жеткізгіштер жүрсе? Сондықтан, бүкіл халыққа тыйым салынса да, өз басы Зухра апайдың пісірген жеті күлшесіне жұма сайын құран оқудан танбаған. Жақында ғана Ораз Қауғабайдың Қонаев атаның Иран шахында қонақ болғандығы туралы мақаласын оқып, бір толқымадық па? Қонаев атаның сонша сүрелерді жатқа айтып, құранды «ішімнен оқимын» дегеніне шах қалай таң қалған...
Дінмұхамед Ахметұлы - Құдайдың қазақ халқына сыйлаған ұлы перзенті. Соны дәлелдегендей, 1999 жылы Халықаралық Абылайхан қоры Қазақтың тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау коғамы мен «Алтын адам» қоры құрған қоғамдың кеңестің шешімімен «Ғасыр саңлағы» деп жарияланды. «Ғасыр Адамы» атану әркімнің маңлайына жазыла бермейді. Ол бар өмірін елі үшін сарп еткен қазақтың дана, адал ұлына ғана беріліп отыр.
Димаш балам, Дінмұхамед атаңның өмірбаянын, істеген жақсы істерін бір-екі парақтың көлемінде айтып беру мүмкін емес. Өсесің, сана-сезіміңнің өресі кеңіп, жігіт болғаныңда, тарихтан, жүздеген әдеби естелік кітаптардан оқып білесің.
Ол кісінің даналығы, ұлылығы, ұлтына қарамай, адамға деген мейірімділігі, адамдардың бәрін өзі сияқты судай таза деп сенгені - өз бойында еш арамдығының болмағанын көрсетеді. Ол кісі басында бақ тұрғанда, асып-тасымаған, ал, адал ісін қаралаушылар келгенде, жасымаған. Өзінің адал екендігіне халқының сенетіндігіне көзі жетіп кеткен жан. Өзі: «Барлық қазақ баласы менің балам» деп айтып кеткендей, Атаның аты әр қазақтың жүрегінде сақтаулы. Тек қазақ баласы емес, Димекеңнің тұсында өмір сүрген әр ұлттың адамдарының Атаға деген махаббаты мен құрметі жыл сайын көбеюде.
Жыл өткен сайын, алшақтаудың орнына, Атаның рухы халқына тек жақындай түсуде. Халқының сағынышы 100 жылдық мерейтойы жақындаған сайын білінуде. Мерейтой біразға дейін Атаны қадірлейтін халқының мауқын басатын секілді.
Кіші Димаш, сол қатарға сен де қосылдың. Сен де Атаның сенім артар бір ұлы болып өс!
Атаны сүйген, құрметтеген халық 100 жылдықтың кезінде Атаның атына арнап бір жақсы сөз айтып, бір жақсы іс істеп қалуға тырысып жатыр. Ал, біз де, сенің атаң мен апаң, ақын болмасақ та, жүрегімізден жарып шыққан төмендегі шумақтарды арнаймыз:
«Димаш ата мен Димаш немереге»
Мақтанамыз түбі бірге атамыз деп,
Әруағына сыйынып – ақ жатамыз кеп.
Сіздің туған күніңізде туылған,
Немереге айтамыз: «Сенің атаң» - деп.
Халқы үшін жеке басын ұмытқан,
Мейірімен туған елін ұйытқан.
Ерік болмай тұрса да өз басында,
Елін талай алып шыққан тұйықтан.
Қазақ халқын жерге, руға бөлмеген,
Бірін туыс, бірін жат деп көрмеген.
Бар болса да, жоқ болса да кезінде,
Бірдей ішіп, бірдей киген елменен.
Ел басқарды адалдықпен, пәктікпен,
Судай таза, сүттей болған ақтықпен.
Орталықтан аңдыса да іздерін,
Өмір сүрді қырағылық сақтықпен.
Қарапайым, әркім барған алдына,
Әбиірмен өтті елдің алдында.
Үлкенге де, кішіге де ізетті,
Содан, әне, жаман атақ қалды ма?
Кіші Димаш, мақтан: «Атам менің!» - деп,
Жігіт болғың атаңа ұқсап: «Елім!» - деп.
Басыңды ій Ұлылықтың алдында,
Аруағы қолдап жүрсін: «Ұлым» деп.
Алқамбаев Сағитдин Мұса ұлы,
Оразымбетова Әселхан.